Елордалық жанармай бекеттері бензин бағасын әлі төмендеткен жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы әлі де болса төмендер емес.

Бүгін ғана ҚР Энергетика министрінің «Мемлекеттік реттеуші баға қойылған мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын бекіту туралы» №193 бұйрығы күшіне енген болатын.

Елордадағы «Гелиос», «Ойл» және «ҚазМұнайГаз» бекеттері АИ-92 маркалы бензинді литрін 128 теңгеден сатуда. Тек «Номад-Ойл» жанар-жағармай құю бекеттерінде ғана АИ-92 бензинінің литрі 3 теңгеге, яғни 125 теңгеге төмендеген. Ал барлық бекеттердегі дизель отынының бағасы өзгеріссіз.

«Әзірше, ескі бағамен сатудамыз. Бағаны қашан ауыстыратындығымызды білмейміз. Мүмкін кешке қарай немесе түнде ауыстырармыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне елордалық жанар-жағармай құю бекетінің бірінде.

Айта кетейік, 2014 жылдың 8 желтоқсанындағы ҚР Энергетика министрінің №184 бұйрығымен дизель отынының литрі 107 теңге, АИ-80 литрі 89 теңге, АИ92/93 литрі 115 теңге болып бекітілген болатын. Бұйрық бүгін күшіне енді.