Дәрігерлер дер кезінде шұғыл шешім қабылдап, нәтижесінде пациентті клиникалық ажалдан арашалап қалды.
«Бүгін таңғы сағат 07:40-та Арыс қалалық жедел жәрдем стансасының пультіне 1989 жылы туған ер адам туралы қоңырау түсті. Оған алдын ала «электр жарақатын алған» деген диагноз қойылған. Ал сол сәтте кезекшілікте жергілікті дәрігерлермен бірге Нұр-Сұлтан қаласының мамандары да болған. Дәрігерлер оқиға орнына шұғыл жеткен кезде пациент ес-түссіз, клиникалық өлім аузында жатқан. Ақ халаттылар жедел жүрек-өкпе реанимациясы кешенін жасаған соң жас жігіт есін жиған» делінген хабарламада.
Осыдан кейін науқас санитарлық бортпен Шымкент қаласына жеткізілді. Қазір пациенттің жағдайы тұрақты, өміріне еш қауіп жоқ. Ол қалалық кардиологиялық орталықта ем алып жатыр.