Қалалық жедел жәрдем стансасының дәрігері Шоқан Мырзабаев бұл салада 2012 жылдан бері еңбек етеді.
«Жедел жәрдем қызметінде 2012 жылы санитар болып еңбек жолымды бастадым. Ол кезде астана медицина университетінде оқып жүрген едім. Оқуымды жұмыспен ұштастыра алдым. Одан кейін фельдшер болдым. Ал 2018 жылдан бері дәрігер лауазымды жұмыс істеп келемін», - деді Шоқан.
Шоқанның серіктесі – фельдшер Сұлтанбек Дәуітқұловтың да жедел жәрдем қызметінде жұмыс істегеніне 8 жыл болды.
«Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Сол себебі осы мммандықты таңдадым. Медициналық колледжді бітіргеннен кейін жедел жәрдем қызметіне жұмысқа орналастым. Жұмыстың өз қиындықтары бар. Соған қарамастан күн сайын алғашқы жедел көмек көрсетуге дайынмын», - деді ол.
Жедел көмектің әрбір бригадасы станса ғимаратының фойесінде шақыртуды күтеді. Бәрі цифрланған.
Шақырту туралы хабарлама Көмек платформасы арқылы түседі.
Жедел жәрдем бригадасымен бірнеше шақыртуға да барып қайттық. Алғашқы шақырту Жоғарғы сот ғимаратынан түсті.
Одан кейін пәтерінде денсаулығы нашарлаған пациентке барып, өрт шыққан жеке тұрғын үй тұрғындарына көмек көрсетуге де бардық.
Соңғы шақыруға бара жатқан болда зардап шегуші медицина қызметкерлерінің көмегі қажет еместігін хабарлап, жарты жолдан кері қайттық.
Осыдан кейін бригада дәрігерлерімен тілдесуге аздаған уақыт мүмкіншілік болды.
«Шақыру бірнеше санатқа бөлінеді. Біріншісі – шұғыл, одан кейін екінші, үшінші, тқртінші шақырту бар. Шұғыл шақыртуға 10 минутқа дейін уақыт беріледі. Себебі пациентке шұғыл түрде медициналық көмек керек. Шақырулар да алуан түрлі: жол-көлік оқиғасы, қылмыс, жүрек талмасы, кеуде тұсындағы ауырсыну, өрт. Екінші санаттағы шақыруға 15 минуттың ішінде, үшінсісіне 30 минуттың ішінде жетуіміз қажет. Әрине түрлі қиындықтар болады. Бірінші санаттағы шақыру түскенде жол бойында көліктер өткізбей жатады. Жол бойында қауырт уақыт болатын сәтте шақыру түскенде бұл қиындық тудырады», - деді Шоқан.
Елімізде медицина қызметкерлерінің жалақысы біртіндеп көтеріліп келеді.
Жыл басында дәрігерлердің жалақысы 30, ал медицина қызметкерлерінің айлығы 20 пайызға көтерілді.
Есіл аудандық қалалық стансаның жергілікті қоры есебінен жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің жалақысы да көтеріліп жатыр.