Кездесу барысында Астана қаласының еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрғожина мен Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың қатысуымен ынтымақтастықтың маңызды критерийлері, жұмыс берушілерді алаңдататын мәселелер талқыланып, дұрыс еңбек келісімшартын жасау мәселесі қаралды.
- Егер лайықты жұмыс таба алмасақ немесе бұл мамандық бойынша қазіргі кезде сұраныс болмаса, онда тегін курстан өтуді ұсынамыз. Оқудың үш түрі бар: қайта даярлау, біліктілікті арттыру және дайындау. «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» аясында біз жұмыс берушіні де ескереміз, - деді Жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омар.
Кездесу барысында жұмыс берушілерге Жұмыспен қамту орталығының жұмысы туралы толық ақпарат берілді, сондай-ақ, орталықпен ынтымақтастық орнатқан жағдайда оларға жүктелетін міндеттер туралы айтылды. Шара соңында екі жақты ынтымақтастықтың белгісі ретінде қатысушылар ниет хаттамасына қол қойды. Құжат аясында тараптар «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру және кадрлық кәсіпорындарды кадрлармен қамтуды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізетін болады.