Елордалықтар Ә.Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда жұртшылығы Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарға тағзым етті.

Шара барысында сөз алған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев жиылған қауымды Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен және 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен өзі басшылық жасайтын білім ордасының ұжымы атынан шын жүректен құттықтады.

«Ұлы Жеңіс күні - ең алдымен барша қазақ халқының, Қазақстан халқының жеңісі, мейірімділіктің жеңісі. Бұл күн болашаққа жол ашқан ұлы мереке. Қазақстан Ұлы Отан соғысына ерекше үлес қосты. Әрбір төртінші қазақстандық майданға аттанып, соғысқа қатысты. Майданға 1 млн. 366 мың Қазақстан азаматы қатысып, оның 497-сі Кеңес Одағының батыры атағын алды. Қазақта «Отаны бірдің жүрегі бір» деген жақсы сөз бар. Бүгін сол майданда қаза тапқан ата-бабаларымызға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тылда жұмыс істеген ардагерлерімізге басымызды иіп, тағзым етеміз», - деді ол.

Салтанатты шараның ашылуы рәсімінен кейін Қазақ агротехникалық университеті студенттері әзірлеген мерекелік концерт ұйымдастырылды. Оны Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, елордадағы №15 және №25 орта мектептердің оқушылары және қала тұрғындары тамашалады.