Айта кету керек, Қайрат Нұрғазин өнер сүйер қауымға әйгілі «Арман жырым - аруларым» әнімен жақсы танымал. Сөзін ақын Жолбарыс Баязитов жазған бұл ән «Қыздарға әсемдік жарасады» деп басталғаннан-ақ көрерменнің жүрегін жаулап алады. Қайраттың «Жұбайыма», «Би кешінде», «Ақ пейілді досыма» әндері де елге тарап кетті. Қ.Нұрғазин 1993 жылы «Үкілі үміт» республикалық байқауына қатысып, «Көрермендер көзайымы» жүлдесіне ие болды. Ал 1995 жылы өткен «Үкілі үмітте» бас жүлдені жеңіп алды.
«Ақын досым, замандасым Айбатыр Сейтақтың жаңа жырларын оқып, айта алмай жүрген ойларымды таптым. Адам тағдырының қызық та қуанышты сәттерінен біраз ұқсастықтарды байқадым. Жаңа әннің әуені түнде келіп, ұйқым шайдай ашылды. Гитарамды қолыма алып, бөлек бөлмеге барып, ән әуенін келтірумен айналыстым. Сөйтіп, таңғы сағат алтыда «Сен әлі ғашықпысың?» деген жаңа ән дүниеге келді. Қандай құпиясы бар екенін білмеймін, ішкі сезімімнен туды. Жақсы сөз іздеп жүргеніме көп болып еді. Халықты қуантатын әндер туса, сазгер үшін одан асқан бақыт бар ма?»,- дейді Қайрат Нұрғазин.
Бұл әнге адамның ғашықтық сезімі, жастық шаққа деген сағынышы арқау болған.
«Шыныңды айтшы, сен әлі ғашықпысың?
Сынап көргің келді ме бақыт күшін?
18-де қағып ем есігіңді,
45-ке келгенде ашып тұрсың!», -
деп басталатын ән жолдары жалынды жастық шақтың алаулаған күндері, ерекше оқиғалары таңғы түс секілді есте қалатынын баяндайды.
Сонымен қатар сазгер жуырда «Кім кінәлі», «Сыр ақтарар сәт келер» және «Бір белгі» деген жаңа әндер жазды.
Сазгер алдағы жоспарлары туралы айтқанда, Қостанай өңірінде жиі кеш өткізіп жүрсе де, Конгресс-Холл секілді кең сарайда Астана жұртшылығымен кездескісі келетінін жеткізді. «Елордалықтар алдында шығармашылық жеке концертімді қойсам деген арманым бар. Осы шараның ұйымдастыру мәселелерімен айналысып жүрмін», - дейді.