Елордалықтар ашық аспан астындағы балетті тамашалау мүмкіндігіне ие болды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтары «Баядерка» балетін театрда емес, ашық аспан астында тамашалады, деп хабарлады www.24.kz.

Тәуелсіздік сарайының алдында «Астана Опера» театрының жұлдыздары керемет қойылымды өнерсүйер қауымның назарына ұсынды. Елордамыздың орталық алаңында Людвиг Минкустың «Баядерка» атты қойылымы көрсетілді. Күн райының құбылмалылығына қарамастан, өнерсүйер қауым жиналып, отыратын бос орын қалмады десек болады.

Әрине, мұндай спектакль - халық үшін үлкен тосын сый. Осындай көрініс Астанада тек бір-ақ рет, яғни былтыр қала күніне орай болған. Өткен жылы мұнда «Аида» балеті қойылды. Биыл да ұйымдастырушылар әсерлі де жарқын, ауқымды бейнеинсталляцияларды қолданып, халықтың көңілінен шығатын балетті көрсетіп отыр.

Айта кетейік, бүгін біз сахна төрінде қазақстандық әйгілі балет майталмандары Мәдина Баспаева, Тайыр Гатауов пен Гауһар Усина өнер көрсетті. Сондай-ақ спектакльге тағы 120-ға жуық балет әртісі қатысты. Мұнда қойылған декорацияларды сценограф Эцио Фриджерио әзірлеген. Ал сахналық киімдер «Оскар» сыйлығының иегері Франко Скуарчапиноның жұмыстары болып табылады. Әртістердің биін әсерлі етіп көрсету үшін 20 шақты проектор қолданылды.