Елордалықтар Ата заңын жақсы білетіндіктерін дәлелдеді

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Елордада еліміздің басты мерекесі - Конституция күніне орай өткізілген «ҚР Конституциясын білесің бе?» акциясының қорытындысы бойынша қала тұрғындары Ата заңды жақсы білетіндерін дәлелдеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Жастар саясаты мәселелері басқармасынан хабарлады.

Кеше, 27 тамызда «Конституция күні» жазуы бар футболкалар киген еріктілер қала көшелерінде жүріп, жаяу жүргіншілерді келе жатқан мерекемен құттықтап, олардың ҚР Конституциясы бойынша білімін тексерді.

«Елорда тұрғындары сұрақтарға жауап беруге ықылас танытып, жақсы нәтижелер көрсетті. Белсенді қатысушыларға «ҚР Конституция күні» белгісімен әшекейлер мен магниттер түрінде естелік сыйлықтар таратылды»,- дейді басқармадағылар.

Акция ҚР Конституция күнін атап өту аясында қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Basis» ҮЕҰ Ресурстық орталығы» ҚБ ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты - азаматтардың ҚР Конституциясының негізгі баптары бойынша білімін арттыру және жастарды өңірдің қоғамдық-саяси өміріне тарту болып табылады.