Елордалықтар органикалық және өңделетін қоқысты жеке-жеке контейнерге тастайды - Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана бірінші болып қоқысты жеке жинау жүйесіне көшпек. Тұрғындар органикалық қалдық пен өңделетін қоқысты екі түрлі контейнерге тастайды. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, бізде қоқысты далаға лақтыратын жауапсыз адамдар бар. Менің ойымша, бұл біздің мәдениеттің көрсеткіші секілді. Біз қоқысты жинау мен өңдеу бойынша үлкен бағдарламаны бастадық. Алғашқы сатыда инвестормен келісіп отырмыз. Ол бұған дейін тоқтап тұрған зауытты іске қосып берді. Яғни, платистикті, ағашты қайта өңдейтін цех ашылды. Инвестор 2 мың контейнер бойынша 30 қоқыс жинаушыны сатып алды. Қоқыс бойынша қазір аса үлкен мәселені көріп отырғанымыз жоқ. Қоқыстың шығарылуын бақылауға алдық», - дейді ол.

Әкімнің айтуынша, аталған бағдарлама бойынша қазір екінші кезең басталған.

«Оның басты мақсаты республикада бірінші болып қоқысты жеке жинау жүйесіне көшу болып табылады. Бұл айталық - жаңа мәдениет. Еуропада әрбір үй 4 қоқыс шелегі тұратынын білесіздер. Десе де, қазір одан да бас тартып жатыр. Ал біз қоқысты екіге бөлу арқылы басқа жолмен кеттік: яғни қоқыс органикалық қоқыс және өңдеуге болатын - металл, ағаш, қағаз, пластик, киім секілді қоқыстар деп бөліп отырмыз. Сондықтан, 6 мың контейнер сатып алынып, жуық арада олардың барлығы аулалаларға орнатылады. Осы бұқаралық науқанды мектептерде бастадық. Тұрғындарға осыған маңыз беруді сұрар едім. Себебі, жақында қоқыстарды бөлу жүйесіне көшеміз», - дейді ол.

Әсет Исекешев қоқысты француздық технологиямен бөле отырып, қайта өңдейтін зауыт ашылатыны атап өтті. Сонымен қатар, ол зауыттың құрылысы 2019 жылдың күзінде аяқталатынына уәде берді.

«Астанада экология мәселелері ойластырылмай, қоқыс үйінділері жиылып қалады. Полицияны жұмылдырсақ та, бәрін назарға алу мүмкін емес. Жыл сайын қоқыстар шығарылып жатыр. Мен Үкіметке қоқыс шығару саласындағы компаниялардың жұмысына бақылауды күшейту бойынша ұсыныс жолдадым. «Атамекен» палатасымен бірге қоқыс шығарумен айналысатын компанияларды бақылау бойынша тиімді механизмдерді қарастырудамыз», - дейді Әсет Исекешев.