Елорданы толық газдандыру қашан аяқталады

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Астана аумағындағы тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстары қашан толық аяқталады? Бұл сұраққа Астана әкімдігі жауап берді.

- Қазіргі кезде газбен қамтамасыз етілуі тиіс 300 мың адамның 216 мыңына газ жеткізілген, бұл жалпы санының 72 пайызын құрайды. 12 мың абонент қосылған, 14 мың абонентке (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный, Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный, Велла вилладж, Family Village, Үркер, Ақбидай және Қазақауыл шағын аудандары, Нұрбесік) желілер жеткізілген.

2025 жылы Шұбар, Телман және Кирпичный тұрғын алаптарында газ желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған, - делінген әкімдіктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Осы жылдың соңына дейін қалған тұрғын алаптарына арналған жобалар бойынша сараптамалардың қорытындыларын алу ескерілген: Өндіріс, Garden Village.

- Елорданы толық газдандыруды 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған, - деп аталып өткен елорда әкімдігінің ақпаратында.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Энергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын Ресейден Қытайға тартылатын транзиттік құбыр арқылы газдандыру келіссөзі қай сатыда екенін мәлім етті.