Елорданың бірнеше көшесі жарықсыз қалды

Фото: Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Алматы ауданының бірнеше көше бойында жарық сөніп қалды. Төтенше жағдайдың себебін «Астана РЭК» АҚ мекемесінің баспасөз қызметінен сұрадық.

«Сағат 15:06-да Алматы ауданында технологиялық ақау болды, соның салдарынан «Мыңжылдық аллеясы» мен Тәуелсіздік даңғылы, Қордай және А.Байтұрсынов көшесіндегі тұрғындар электр жарығынсыз қалды. Сағат 15:32-де жарық беру резервтік қуатқа ауыстырылды», - делінген хабарламада. 

Ақпаратта айтылғандай, қазіргі уақытта жарықтың кенеттен сөнуінің себебі анықталып жатыр. 

Еске сала кетсек, қыркүйекте Астанада 2 жылдан бері жасырын жұмыс істеген майнинг фермасы анықталған еді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. 

Күдіктілер 2022 жылдан бастап 2024 жылдың мамыр айына дейін Астана қаласының аумағында ай сайынғы электр қуатын тұтынуы мегаполистегі бір тұрғын алабының қажеттілігімен пара-пар болатын, қозғалтқыштарды өңдеу орталығының түрінде жасырылған майнингтік ферманың қызметін ұйымдастырған.