Елорданың Есіл ауданында бір жерге бес рет заңсыз қоқыс тастау фактісі тіркелген

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері заңсыз тасталып жатқан қоқыс мәселесін көтеріп, дабыл қақты. 

— Жаңа адамдар Астанада (Есіл ауданы) Ұлы дала даңғылындағы «Айва» тұрғын үй кешені маңында заңсыз құрылыс және тұрмыстық қалдықтар тасталатын қоқыс алаңын анықтады. Күн сайын ондаған жүк көлігі қоқыс төгіп, ауданның экологиясы мен тұрғындарының денсаулығына үлкен қауіп төндіріп жатыр. Бастапқыда бизнес-орталық салуға арналған бұл аумақ іс жүзінде қоқыс алаңына айналған. Сарапшылар бұл қоқыс төгудің заңсыз екенін және қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіруі мүмкін екенін растап отыр, — делінген хабарламада.

Қозғалыс белсенділері жауапты тұлғалар мен қоқыс алаңындағы жұмысшылардан мәселенің мән-жайын білуге тырысқан, бірақ одан нәтиже шықпаған. Сондай-ақ, ол жерге басқа да құрылыс нысандарынан қоқыс жеткізілетіні анықталды.

Осы орайда істің мән-жайын жергілікті атқарушы орган, яғни Есіл аудандық әкімдігінен білуге тұрыстық. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қоқыс заңсыз тасталған.

— Жыл басынан бері көрсетілген учаскеде 5 құқық бұзу факті анықталды. Жалпы, өткен жылы аудан бойынша 49 жеке және 15 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ауа райының қолайлы маусымы басталысымен, яғни 25 наурыздан бастап Есіл ауданының аумағында осындай қоқыс үйінділерін тазалау жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр, — деді Есіл аудандық әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекова.

Осылайша 25 наурыздан бері аудан аумағынан 700 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

— Есіл ауданының әкімдігі тұрғындарға бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным танытқандары үшін алғыс білдіреді. Қала тазалығы — баршаға ортақ жауапкершілік, — дейді ол.

Бірнеше күн бұрын елордадағы қоқыс шығаратын компаниялардың жұмысына бақылау қалай жүргізілетіні туралы жазған едік

Айта кетсек, өткен жылы республикалық жолдардан 700 мың тонна қоқыс жиналды