Елорданың сол жағалауында екі жаңа учаскелік полиция пункті ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Халыққа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыру жалғасып келеді. Бүгін Астананың Есіл ауданында екі жаңа учаскелік полиция пункті жұмысын бастады.
Бұл үшін халық тығыз орналасқан көшелер таңдап алынды. Полицейлер заманауи техникамен толық жабдықталған және тұрғындар өз ауласынан ұзамай-ақ, учаскелік инспекторлардан жедел көмек ала алады.
№29 учаскелік полиция пункті «Жетісу» саябағы аумағында, ал №33 УПП – Бұқар Жырау көшесіндегі «Триумф Сити» тұрғын үй кешенініңде ашылды.
Пункттердің аумағы 80,8 және 169,98 шаршы метр. Әр бөлімшеде қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету және профилактикалық жұмыстармен айналысатын 9 қызметкерден жұмыс істейді.
− Есіл ауданында тұрғындар әкімшілік бұзақылықтар, отбасылық жанжалдар туралы көп жүгінеді. Полиция күнделікті жұмысынан бөлек, демалыста түнгі рейд жүргізіп, қала көшелерін патурльдейді. Оған қоса, Астанада халықаралық іс-шаралар өте жиі ұйымдастырылады, сонда полицейлер қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Әзірге Есіл ауданында 9 учаскелік пункт бар, жыл соңына дейін тағы екеуін ашу жоспарланған, - деді Есіл аудандық Полиция басқармасының бастығы Әлібек Қожахметов.
Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елорданың сол жағалауында халық саны 2,5 есеге артқан.
− Әрбір қаланың жоспарында өз нормативтері болады, халық саны артқан сайын олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қанша полицей қажет екені де жазылады. Ал бүгін ашылған екі жаңа пункт шамамен 80 мың халыққа дейін қызмет көрсете алады. Әсіресе халық көп шоғырланған Шұбар мөлтекауданында полиция пункті мүлдем болмаған еді. Жетісу саябағындағы учаскелік пункт осы маңайды тұтас қамти алады. Сонымен бірге, Экспо аумағында көптеген жаңа үйлер салынып жатыр, ол жаққа да жаңа полиция пункттері қажет, - деді Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы.
Айта кетейік, биыл Астанаға 1,7 млн турист келеді деген болжам бар.