Елорданы дамыту бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар Астана қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың нәтижелерін талқылады. Бұл туралы елорданың ресми сайты хабарлады.

Кездесу барысында құрылыс, экологиялық жағдай, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері қаралды.

Қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Әліби Жұмаев даму бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижелерін жария етті. Оның атап өтуінше, қазіргі кезде қалада қолданыстағы сауда және қызмет көрсету саласында әлемге танымал брендтерті кеңейту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.

- Бүгін Астанада 50-ден астам брендті кәсіпорын бар, жақын арада жаңа сату және қызмет көрсету желілері ашылады. Көше саудасын заманауи халықаралық стандарттарға келтіру мақсатында 7 жылға жалға беру мерзімімен 1 000 жер учаскесі анықталды, олар биылдан бастап кәсіпкерлер арасында бөлінетін болады, - деді Әліби Жұмаев.

Елорданы дамыту бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі тұрақтандырылды, қолжетімді тұрғын үй және әлеуметтік сала нысандары салынды, бірқатар табиғат қорғау шараларды іске асырылды.

Осы уақыт ішінде құрылыс көлемі 2 есеге артты. 6,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 275 шақырымға жуық жол салынып, қалпына келтірілді. Бұл жақсы жағдайдағы жолдар санын 73%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, 2010 жылы бұл көрсеткіш 60%-ды құраған.

Сонымен қатар, қаланың 42 қиылысында интеллектуалды көлік жүйесінің жобасы енгізілді, трафикті басқару орталығымен жабдықталған. Осының есебінен елорданың көлік қозғалысы тығыз болатын алты көшесінде өткізу қабілеттілігі 20%-ға өсті.

Қаланың маршруттық желісін жаңғырту автобус кестесін оңтайландыруға - күту уақытын азайтуға және халықты қамту көрсеткішін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Алты көшеде bus line арнайы жолақтары жасалды, нәтижесінде автобустардың жылдамдығы 15%-ға артты.

- Қаланың электр қуаты мен жылу энергиясы қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы энергия көздері ЖЭО-1, ЖЭО-2 жаңғырту және ЖЭО-3 салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Қуаттылығы 480 Гкал болатын энергия көзі ЖЭО-3 бірінші кезегінің құрылысы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізер кезде аяқталады, - деді Әліби Жұмаев.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарды: жаңа темір жол вокзалын, ЭКСПО-2017 нысандарын, Жасыл орамды, сондай-ақ Тұран даңғылының бойында салынып жатқан нысандарды орталықтандырылған жылумен қамтуға қосу үшін қажетті 4-ші және 5-ші кезектегі жылу магистральдарының құрылысы басталды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында көпқабатты 88 тұрғын үй кешені жөнделді. Осы кезеңде ұзындығы 18 км сумен жабдықтау және ұзындығы 15 км кәріз желісі қайта жөнделді. Еске салайық, Талдыкөл ағынды су жинақтағышын жою жобасы аяқталу сатысында.