Елорданы дамытуда «қала адам үшін» қағидатын басшылыққа аламыз – Президент

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы елорданың болашақ дамуының маңызына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Менің ойымша, мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының тұрмыс сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде біз «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа аламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Астананың бауырлас қалалар форумында.

Мемлекет басшысының айтуынша, адамға бағдарланған мұндай ұстаным мүлде басқа стратегиялық мақсатты көздейді.

«Қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алады. Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе.Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз», - дейді Президент.