Елорданы көшіру, Елбасы және Рим Папасымен кездесу: Надежда Петухованың естелігі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Надежда Петухова 1997 жылы елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстырған кезде қалалық мәслихаттың депутаты болған. Яғни елорданы ауыстыру, жаңа қаланың қалыптасу және даму процесінің куәгері. Бүгінде елорданың құрметті тұрғыны зейнетте бола тұра, Еуразия медицина қауымдастығының вице-президенті міндетін атқарып жүр. Осы орайда кейіпкер ҚазАқпарат тілшісімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы, сондай-ақ кешегі және бүгінгі елордаға қатысты тарихи естеліктерімен бөлісті.

«Тәуелсіздік күні – ең басты әрі маңызды мереке. Елорданың тұрғындары – бақытты адамдармыз. Елбасының даналық шешімінің арқасында біздің қала еліміздің басты орталығына айналды. Әрине, бастапқыда Ақмола елорда болады деген ой күмән туғызды. Өйткені қала кішкентай ғана еді. Оның үстіне елорданы ауыстыру сәті еліміздің қаржылық, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс дәуірімен сәйкес келді. Бірақ Елбасы сенді. Мен ол кезде қалалық мәслихат депутаты едім. Біз елорданы дамытудың бас жоспарын қабылдадық. Шешімді қабылдай отырып, «расымен осы жоспардың жүзеге асуы мүмкін бе?» деп өз-өзімізге сұрақ қоятынбыз. Бүгінде оның нәтижесіне бәріміз куәміз. Ақмола қаласы әлем таныған елордаға айналды», - деді Надежда Петухова.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған соң, еліміздің аяғынан тұруы оңайға соққан жоқ. Ал 30 жылдық еңбектің ішінде Қазақстан өз жолы мен жетістігі бар, дамушы ел қатарында.

«Бүгінде елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы түрлі халықаралық кездесулер мен маңызды оқиғалардың орталығына айналды. 2000 жылдардың басында Рим Папасының елордаға келгені әлі есімде, ол айтулы оқиға болды. Сонда Рим Папасының біздің елмен қоштасып, ұшып бара жатқанда айтқаны: «Қазақстанның жері ерекше, оны жарқын болашақ күтіп тұр», деді. ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың кейбір өкілдері Қазақстан экономикалық дағдарыс пен сыртқы күштердің ықпалынан ұсақ-түйекке бөлініп кетеді дегенді келтірді. Алайда көпвекторлы саясаттың арқасында біз өз ұлтымызды сақтап қалдық», - дейді ол.

Надежда Петухова елорданы ауыстырған жылдары депутаттық қызметпен қатар, қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері міндетін алып жүрген.

«Ол кезде қала бойынша жалғыз ғана балалар ауруханасы болды, оның өзі кішкентай еді. Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс сапарымен біздің ауруханаға келді. Сонда Елбасы шала туған нәрестелерді көріп, менен: «Олар өмір сүріп кете ме?», деп сұрады. Мен «Әрине!» деп жауап бердім. Одан кейін Елбасымен жолығудың 2005 жылы сәті түсті. Сол кезде менің 3 жасар немерем Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап өлең оқып, картина сыйлады. Қазір сол немерем елордадағы Назарбаев Университетінде жоғары білім алып жатыр. Жалпы Елбасы балаларды аса жақсы көреді және балалар да оған жақын», - деген жылы лебізімен бөлісті қоғам қайраткері.

Сондай-ақ елорданың дамуына еңбегі сіңген тұрғын қала атауының өзгеруіне қатысты естелігімен бөлісті.

«Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның өзіндік саяси билік жүйесі қалыптасты. Елімізде екі палаталы Парламент құрылды. Бірде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ел және қала басшылығын Жастар сарайына жинап, елорданың атауын өзгерту туралы ойын ортаға салды. Елбасы «Астана» деген атауға тоқталды, біз бірауыздан қолдадық. Ал «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруіне келсек, бұл халық пен Елбасының замандас, үзеңгілес тұлғалардың қалауы», - деді Н. Петухова.