Елорданың № 1 мектеп-лицейінде ауған соғысында қаза болған жауынгерлерге ескерткіш тақта ашылады

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Қаңтардың 22-сінде елордадағы №1 мектеп-лицейде Ауғанстанда қаза болған интернационалист-жауынгерлерге ескерткіш тақта ашылады.

Бұл салтанатты іс-шара Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 21 жыл толуына және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығына арналған. Бұл ақпаратты Астана қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі таратып отыр.

«№ 1 мектеп-лицей ғимаратында ескерткіш тақта орнату кездейсоқ емес. Аталған оқу орнының екі түлегі Александр Коробейников пен Рудольф Моос ауған соғысында ерлікпен қаза тапты», делінген баспасөз хабарламасында.

Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжанов, қалалық Мәслихат хатшысы Владимир Редкокашин, Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафина, ҚР Қорғаныс министрлігі Бас әскери инспекциясының бастығы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Ауғанстандағы соғыс мүгедектері мен ардагерлер одағының төрағасы Қайрат Елубаев және ауған соғысының ардагерлері қатысады.

Ескерткіш тақта Ауғанстан соғысы ардагерлерінің өз қаражаттарына дайындалған.

Аталған іс-шара Астана қаласының «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіледі. Қазіргі таңда елордада 896 ауған соғысы жауынгерлері тіркелген.