Елорданың 17 жылдығына орай қаланы безендіру үшін алғаш рет күн энергиясы пайдаланылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 17 жылдығына орай қаланы безендіру үшін алғаш рет күн энергиясы пайдаланылды. Жалпы қаланы мерекелік безендіру кезінде 30-ға жуық шағын архитектуралық пішіндер пайдаланылды. Жарық-диодты инсталляциялар елорданың 3 ауданына бөлінді.

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«ADVART» ЖШС атқарушы диркторы Жанар Әбішеваның айтуынша, команда тұжырымдаманы дайындауға 3 апта, ал, конструкцияларды орнатуға бір айдан астам уақыт жұмсаған.

«Әр тармақ бойынша жеке топ жұмыс істеді. Жалпы безендіруді ұйымдастыруға 150 адам тартылды», - деді Жанар Әбішева.

Мереке күндері Астанаға 23 мемлекет пен Қазақстанның өңірлерінен 2000-нан астам қонақ келген. Ұйымдастырушылар мен қала әкімдігі жыл сайын мерекені қала тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді етуге тырысады. Қалалық биліктің басты мақсаты - әрбір адам қатыса алатын шараларды барынша көп өткізу.

Биыл «Жан жүрегім Астана» конструкциясы үш тілде 20 жерде орнатылды.

Жанар Әбішеваның айтуынша, жұмыста пайдаланылған барлық материалдар ең соңғы үлгідегі энергия үнемдейтін технологияларды қолдану арқылы жасалды. Қалалық электр желілері ресурстарын үнемдеу үшін алғаш рет күн энергиясын шоғырлайтын батареялар, сондай-ақ, RGB технологиялар қолданылды.

Нұрлы жол бульвары мен «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда қойылған орындықтары бар гүл аркалар жұрттың ерекше назарына ілікті. Жалпы, осындай 40 арка орнатылды.

Сонымен қатар, безендіру барысында «ЕХРО» көрмесінің символы да пайдаланылды.

Көптеген шараларды ескере келе, Есіл өзенінің жағалауына ерекше көңіл бөлінді.

«Өзен жағасында адам көп жүреді. Жағалауда Астана күні символымен баннерлер ілінді, өзенде түнде жанатын «Қайық» композициялары орнатылды», - деді Жанар Әбішева.

«Жастар» театры алаңында тұңғыш рет дизайнерлік жиһаз элементтері қойылды.