Елорданың 20 мыңға тарта мектеп оқушысы Астананың ірі кәсіпорындарымен танысады
Статистикаға сүйенсек, Астананың жоғары және орта арнаулы оқу орындары оқушыларының 79 пайызға жуығы гуманитарлық білім алуда, 21 пайызы ғана техникалық оқу орындарында оқиды. Ал елорданың еңбек нарығында техникалық салалардағы мамандықтарға сұраныс 75 пайызға жетіп отыр. Барлық бос орындардың төрттен бір бөлігі ғана гуманитарларға арналған.
Астананың еңбек нарығындағы мамандықтардың теңсіздігін төмендету мақсатында жастар саясаты мәселелері жөніндегі қалалық басқарма «Сенің таңдауың!» жобасын іске қосады. Бұл жобаның мақсаты мектеп оқушылары үшін елордалық кәсіпорындарда кәсіптік бағдар экскурсиясын ұйымдастыру болмақ.
«Сенің таңдауың!» жобасы осы жылғы 4 сәуірде басталады. Бір ай бойы елордалық мектептердің 20 мыңға жуық жоғарғы сынып оқушысы қаланың ірі кәсіпорындары мен мекемелерінде болады. Олардың арасында «Целингидромаш» ӨК, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Астана локомотив сервис орталығы» АҚ, «Астана Полиграфия» АҚ, «Целинная» фабрикасы» ЖШС, «Цесна-Астық» концерні» ЖШС және басқа да көптеген кәсіпорындар бар, деп хабарлады astana.kz.