«Ағымдағы жылдың басты шарасы - елордамыздың 20 жылдық мерейтойын атап өту. Оның аясында жетекші шығармашылық ұжымдар мен ұйымдардың қатысуымен «Астаналар шеруі» атты ауқымды халақаралық жоба өтеді. Жоба аясында «Астана Опера» мен Бейжің ұлттық опера театры бірлесіп, Джузеппе Пуччинидің «Турандотын» сахналайды», - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар ол шетелдік бірқатар балет ұжымының елордамызда алғаш рет өнер көрсететіндігін атап өтті.
«Алғаш рет Қазақстанда «Астана мюзикл» театры танымал француздық-канадалық «Нотр Дамм де Пари» мюзиклін авторымен бірге алғаш рет сахналайды. Мариин театры, «American Theatre balet», Берлин опера балет театры өздерінің бірінші балет қойылымдарын ұсынады», - деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, елордаға келетін шетелдік театр ұжымдарын өз елдері қаржыландырады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Италияның Қазақстандағы Елшілігіне «Eni» мұнай компаниясының есебінен La Scala театрының сапарын ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Мұны көптеген танымал театрлардың өз елдерінің демеушілік қаржысы есебінен өнер көрсететіндігін білдіру үшін айтып отырмын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.