Елорданың 3 жылдық бюджеті нақтыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы мәслихатының отырысында елорданың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке кірістер бойынша жоспарды 56 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Оның ішінде салық түсімдері – 42 млрд теңге, салықтық емес түсімдер – 6,4 млрд теңге және негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 7,4 млрд теңге», - деді Астана қалалық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев.

Оның дерегінше, Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасына қосымша 2 млрд 16 млн теңге, Білім басқармасына 7 млрд 883 млн теңге, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 256 млн теңге, Дене шынықтыру басқармасына 1 млрд 493 млн теңге, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына 8 млрд 908 млн теңге, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына 4 млрд 756 млн теңге, Құрылыс басқармасына 3 млрд 200 млн теңге, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына 2 млрд 138 млн теңге, Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментіне 3 млрд 263 млн теңге бөлінеді.

«Астана қаласының 2023 жылғы нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 178 млрд 693 млн теңгені құрайды. Оның ішінде жеке кірістер бойынша түсімдер 697 млрд 305 млн теңге болып бекітіледі», - деді басқарма басшысы.