Елорданың 459 көп қабатты үйінде техникалық тұрғыдан тозығы жеткен телефон желілері ауыстырылуда

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елорданың 459 көп қабатты үйінде техникалық  тұрғыдан тозығы жеткен телефон желілері ауыстырылуда.


Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында «Астанателеком» қалалық телекоммуникация орталығының техникалық директоры Абылай Сейітжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Ішкі тарату желілерін жаңалау жұмыстары 1999 жылға дейін салынған көп қабатты тұрғын үйлерде жүргізілетін болады.

 А.Сейітжановтың атап көрсеткеніндей, бұл өз кезегінде телефон байланысының сапасын, сенімділігін жоғарылатады. Сонымен қатар абоненттер интернет, сандық теледидар және ID Phone сияқты қосымша қызметтерді тұтынуға мүмкіндік алады.

 «Бүгінгі күні «Астанателеком» қалалық телекоммуникация орталығы 54 тұрғын үйде жаңа желілер жүргізіп бітті. Телефон желілерін ауыстыру жұмыстары қазан айында толық аяқталады», дейді А.Сейітжанов.