Елорданың 6 мыңға жуық тұрғыны 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуы тиіс

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласының 6 мыңға жуық тұрғыны 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуы тиіс.

Бұл туралы елордалық Ішкі істер департаментінң баспасөз қызметінен хабарлады.

Бүгінгі күні ЖСН Астана қаласының 6 мыңға жуық тұрғынының жеке куәлігінде көрсетілмеген. Олар 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін ЖСН-ды алмаған жағдайда, ескі құжаттар бойынша қандай да бір заңды келісімдер жасап, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды ала алмайды.

Сондықтан Ішкі істер департаменті, жеке басты куәландыратын төлқұжаттарды 1997 жылға дейін алған азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажеттігін айтуда. Өзімен бірге, төлқұжат пен тіркеу кітапшасын алып бару қажет. Айта кетейік, төлқұжаттарды қайта ресімдеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.