Елорданың Алматы аудандық соты республикалық конкурста жеңімпаз атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Қазақстан Республикасының Судьялар одағы өз жұмысын үздік ұйымдастырған аудандық және оған теңестірілген соттардың арасындағы конкурстың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.

Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған байқау сот кеңселерінің сот төрелігін жүзеге асыру талаптарына сәйкестігі, сот жұмысын жоспарлау және талдау жұмысының деңгейі, сот процестерін ұйымдастыру, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы, ақпараттық технологияларды енгізу, ұжымдағы микроклимат және сот қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымдардың болмауы сынды критерийлер бойынша бағаланып, бас жүлде Астана қаласының Алматы аудандық сотына бұйырды. Өткен жылы бұл жүлде Семей қалалық сотының еншісінде болған еді.

Байқауға Алматы қаласының Жетісу аудандық соты, Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Шығыс Қазақстан облысының Семей қалалық соты, Жамбыл облысының Тараз қалалық соты, Батыс Қазақстан облысының Сырым аудандық соты, Қарағанды облысының Саран қалалық соты, Қызылорда облысының Арал аудандық соты, Павлодар облысының Павлодар қалалық соты, Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек аудандық соты қатысқан болатын.

Салтанатты марапаттау рәсімде Қазақстанның Судьялар одағы Орталық кеңесінің хатшысы Сансызбек Райымбаев Алматы аудандық сотының ұжымын құттықтай отырып, әділ сот төрелігінің атқарылуы - бұл адамдардың Конституциялық құқықтарының қорғалуы, құқықтық мемлекеттің өркениетті қалыптасуына ықпал ететін ахуал екенін атап өтті.

- «2016 жылдың қаңтарында республикалық комиссия жоғарыда аталған соттардың арасынан байқау-конкурстың жеңімпазын анықтап, республика бойынша Алматы аудандық сотын лайық деп тапты. Ғалымжан Насирдиновтың төрағалығымен басқарылып, республика бойынша үлкен нәтижеге қол жеткізу ұжым арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, әріптестердің біліктілігінің, әрі сот мамандарының белсенділігінің арқасы. Көп құрамды сотты басқару, әріптестердің арасындағы ынтымақтастықты сақтау, сапалы сот төрелігін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үлкен парасаттылық. Соттарыңыздың беделі, мәртебесі әрдайым биік болғай»,- деді Судьялар одағының хатшысы Сансызбек Райымбаев.

Шарада Алматы аудандық сотының төрағасы Ғалымжан Насирдинов сот жүйесін жылына бір рет сараптап, таразыға салу арқылы жетістіктермен қатар, кемшіліктерді де түзетіп, сот жұмысын алға бастырудың жолы екенін атап өтті.

- Астана қалалық сотының төрағасы Т.Бәрпібаев сот жүйесін одан әрі жетілдіруді назарда ұстап, аудандық соттар алдына сот төрелігін уақытылы, заң талаптарына сәйкес әділетті жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы тапсырмалардың кезең кезеңімен жоспарлы орындалуы бүгінгі жетістігіміздің нәтижесі деп білеміз. Алдағы уақытта да сот төрелігін тиімді, әрі сапалы жүзеге асыруға, судьялық қызметте жұмыс өтілі жоғары судьялардың оң тәжірибесін пайдаланып, әділ сот төрелігін артқаруға, сондай-ақ, сот өндірісіндегі күрделі және өзекті азаматтық істердің санаттары бойынша сот практикасын қалыптастыру бойынша жұмысымызды жандандыратын боламыз, - деді сот төрағасы Ғалымжан Насирдинов.