Елорданың бірқатар көшелерінде автокөлік қозғалыстарына шектеу қойылды - Астана қалалық ЖПБ

АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат - Елордада жолдардағы жөндеу жұмыстарына орай бірқатар көшелерде автокөлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл ақпаратты Астана қалалық жол полициясының баспасөз қызметі таратып отыр.

«Сейсенбі, мамырдың 15-і күні асфальт-бетонды жамылғы төсеуге байланысты Тәуелсіздік көшесінде Тәшеновтен Мұңайтпасов көшесіне дейін қозғалысқа шектеу қойылды. Жол жұмыстарына байланысты Республика даңғылында Самалдан Иманов көшесіне дейін жол жабылды. Фрезерлік жұмыстарға байланысты әуежай трассасында көліктік шеңберге дейінгі жолға шектеу қойылды. Құдықтарды көтеру бойынша жол жұмыстарына орай Сарыарқа көшесінде Кенесары көшесінен Бөгембай даңғылына дейін жол жабық. Жолды асфальттауға дайындыққа орай Молдағұлова көшесінде Жеңіс даңғылынан Республика даңғылына дейін көлік қозғалысына шектеу қойылды», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.