Елорданың бірқатар көшелерінде жүк көлігі мен арнаулы көліктің қозғалысына уақыттық шектеу қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 қыркүйектен бастап Астана қаласының белгілі көшелерінде жүк көлігі мен арнаулы көліктің қозғалысына уақыттық шектеу қойылады. Бұл бастама Жолаушы көлік және автомобиль жол басқармасы, Әкімшілік полиция басқармасы және «Астана LRT» компаниясымен бірігіп жүзеге асырылып отыр, деп хабарлады astana.gov.kz.

Аталған шектеу таңғы сағат 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін созылып, 2 учаскені қамтыды.

Учаске №1. Бөгенбай батыр даңғылы бойымен Ақжол көшесінен Бейсеков көшесіне дейінгі аумақ. Ұзындығы - 8,6 км. Балама жол ретінде жүк көлігі мен арнаулы көлік Алаш тас жолы бойымен, «Астана айналма жолы» деп аталатын автомобиль жолының Тілендиев көшесінен Бейсеков көшесіне дейінгі жолы арқылы өте алады.

Учаске №2. Төрт үлкен көшені қамтиды. Қошқарбаев көшесі (Төлебаев көшесінен Сарыкөл көшесіне дейін), Байтұрсынов көшесі (Сарыкөл көшесінен Обаған көшесіне дейін), Сығанақ көшесі (Тәуелсіздік көшесінен бастап Тұран көшесіне дейін) және Қабанбай батыр даңғылы (Сығанақ көшесінен бастап Хусейн бен Талал көшесіне дейін). Балама жол ретінде жүк көлігі мен арнаулы көлік Қарағанды тас жолы арқылы Төлебаев көшесінен Астана-Қарағанды көліктік айрығы арқылы, одан кейін Қабанбай батыр даңғылы бойымен Қарқаралы тас жолымен қиылыстағы айналмалы айрыққа дейінгі жолмен жүре алады.

Өткізген сараптамаға жүгінсек, жүк көлігі Бөгенбай даңғылын қарбалас сәт кезінде 21 км/сағ. жылдамдықпен 24 минутта өтеді. Балама жол арқылы жүрген жағдайда, бұл көрсеткіш 7 минутқа артады. Алайда көліктің жылдамдығы 60-63 км/сағ. жетеді. Екінші жол бойымен жүк көлігі қарбалас уақыт кезінде 28 км/сағ жылдамдықпен 28 минутта өтетін еді. Балама жол арқылы көліктің жылдамдығы 60-63 км/сағ дейін артып, 4 минутқа көп уақыт алады.

Бұл шектеулер мынадай мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізеді: аталмыш көшелердегі жол кептелісі; учаскелелерге жалғанған көшелерге түсетін салмақ; қаланың негізгі көшелеріндегі жүк көлігінің қарқынды қозғалысы; салмақ көп түсетін көшелерде қоғамдық көліктің көп болуы; көлік ағымы жылдамдығының төмен болуы, осының негізінде қоршаған ортаға келтірілетін зардап.

Жүк көлігін шектеу аталмыш көшелерде қарбалас уақытта көлік ағымы жылдамдығының артуына әкеледі. Осылайша, Бөгенбай даңғылының кей учаскелерінде жылдамдық 4км/сағ өссе, Сығанақ көшесінің бойындағы көлік жылдамдығы 5 км/сағ дейін артады.