«Күні кеше ғана әкімдік барлық коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын қосымша көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл мәдениет нысандарының, музейлердің, театрлардың, сонымен қатар әкімдік жанындағы қоғамдық келісім мекемесінің қызметкерлеріне де қатысты», - деді Берік Жакенов Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында.
Оның дерегінше, соңғы 3 жылда елорда тұрғын үй құрылысы саласында 5 жылдың нормасы орындалып, 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
ЖЭО-3 құрылысы қайта жанданып, жауын суына арналған кәріз жүйесі, сорғы-сүзгі стансасы салынып жатыр. 50 шақырым инженерлік желі, 2 мектеп, 2 спорт кешені салынды.
Алматы, Сарыарқа аудандарындағы 10 тұрғын үй алабы толықтай газға қосылды. 680 шақырым газ тарату желісі төселді.
«Биыл Байқоңыр мен Есіл аудандарын газдандыру жүріп жатыр. Соңғы 3 жылда ұзындығы 165 шақырым болатын 300-ден астам көше салынып, жөнделді. 2 автомобиль көпірі салынып жатыр. Биыл Ұлы дала даңғылығындағы, келесі жылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяталады», - деді ол.