Елорданың эко-фестиваліне 20 мектеп қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мектеп оқушыларына экологиялық мәселелерді шешуге баулу мақсатын көздеген «Астана! Бірге жарқын! Эко-фест - No waste» атты эко-фестиваль болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



Эко-фестивальдің негізгі мақсаты - белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуге ғылыми түрде жас буынды жұмылдыру болып табылады. Сонымен бірге, мектеп оқушыларын интеллектуалды, шығармашылық, зерттеу және тәжірибелік іспен айналысуға ынталандыру көзделген.

Астанада басталатын аталмыш фестиваль алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймағында жалғасын таппақ. Айтулы шараға бүгінгі таңда 5 мыңға жуық оқушы мен ата-ананы, педагогты қатыстыру жоспарланып отыр. Эко-фестивалдің Астанада бастау алуы құрметіне орай елордадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектепте еңбектері үздік деп танылған оқушылар марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ҚР БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Мөнхтуя Алтангэрэл, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төралқа мүшесі Салтанат Рахымбекова еңбектері үздік деп танылған оқушыларды марапаттады.

«Бүгінгі күні Астана қаласында керемет шара өтіп жатыр. Бұл - негізінен Қазақстанның жастарын жасыл экономикаға, экологияға бейімдеуге арналған шара. Астана қаласының 82 мектебінің 300-ге тарта оқушысы өз еңбектерін ұсынып, бүгінгі күні үздік деп танылғандары осы шараға шақырылып отыр. Ендігі кезекте Астанада басталған осы шара 16 қалада жалғасын тауып, конкурс, фестивальдар ұйымдастырылады. Нәтижесінде, осы фестивальден жеңімпаз деп танылған 16 баланы лагерьге демалысқа жіберуді көздеп отырмыз», - дейді Салтанат Рахымбекова.

Салтанат Рахымбекова шараны ұйымдастыру кезінде жастарға ЭКСПО көрмесі керемет қанат бітіргенін  байқағанын айтады.

«Болашақта Елбасымыздың Жолдауын жүзеге асыратын - бүгінгі жастарымыз. Экологиялық мәселелер, цифрландыру, баламалы энергия көздерін табу тақырыптарындағы түрлі шараларға 5 мыңға жуық оқушыны тартамыз деп отырмыз», - дейді Салтанат Рахымбекова.

Эко-фестиваль аясында экологиялық марафон өткізу көзделген. Яғни, қалдықтан (пластик, қағаз, шыны) арт-дизайн жасау, жастарды тарта білетін театрландырылған қойылымдарын, жастар парламентінің эко-дебаттарын, тимбилдинг өткізу көзделуде.

Ал Астана қаласының білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, әлемде барлық салада өзгерістер болып жатқандықтан, жастарды осы көштен қазірдер-ақ қалдырмау керек.

«Әлемдік өзгерістер білім саласында тың амал-әдістерді ойлап табуды талап етеді. Мектеп бағдарламасынан тыс балалар білім олимпиадалары мен байқауларға көптеп қатысып жатқанын атап өткіміз келеді. Бұл тұрғыда балалардың еліміздегі экологиялық мәселелерді шешуде белсенділіктерді ерекше екенін айтқым келеді», - дейді Әнуар Жанғозин.