Осы күнге байланысты арнайы ұйымдастырылған шара барысында журналистермен сұхбаттасқан «Есіл» ауданының әкімі Қайрат Жаңабергеновтың айтуынша, аталмыш аудан 2008 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған болатын. «Осы үш жылдың ішінде ауданда қомақты жұмыстар атқарылды. Олардың басым бөлігі құрылыс жұмыстарымен байланысты. Айталық, 3 жылда 64 тұрғын үй кешені пайдалануға берілген. Олардың жалпы көлемі 680 мың шаршы метрді құрайды», -деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, 3 жыл ішінде ауданда тұрғын үйлермен қоса қоғамдық ғимараттар ашылды. Оның ішінде орталық стадион, коньки стадионы, велотрек, киноконцерт залы сияқты алып ғимараттар бар. «3 жылда сонымен қатар 5 балабақша мен 2 мектеп пайдалануға беріліп, 4 медицина нысаны жұмысын бастады. Қорыта келгенде 3 жылдың ішінде үлкен жұмыстар атқарылып, ауданның тұрғын халқы да көбейді. Қазіргі таңда олардың саны 24 мыңды құрайды. 3 жыл, әрине, айтарлықтай көп уақыт деуге келмес. Дегенмен, біз осы уақыт аралығында атқарылған шараларды көпшілікке таныстырып, халық одан хабардар болуы керек деген ниетпен осындай мерекелік шараны қолға алып отырмыз»,-деді Қ.Жаңабергенов.