Аудан әкімінің айтуынша, жоба Қазақстан мен Ресей әріптестігінің аймақаралық 16-ші форумында қол қойылған меморандум шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
«Күннен энергия өндіретін қуаты 100 МВт электр стансасының құрылысы Қабанбай батыр ауылында жүргізілуде. «Хэвэл Қазақстан» серіктестігі қолға алған жобаның құны 30 миллиард теңгені құрайды. Жобаны биылғы жылдың наурыз айында жүзеге асыру жоспарланған», - деді Мәлғаждар Тәткеев.
Жаңа күн электр стансасы баламалы энергия көзін 40 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 30 адамға жұмыс орны ашылып, қоршаған ортаның ластануын азайтуға септігін тигізбекші.
Айта кетейік, ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің кірісі 29 миллиард теңгені құрады. Аудан экономикасын дамыту үшін 67,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 35,7 миллиард теңгеге жетті. Ауданда жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Келешекте бұл жобаларды кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізу жоспарланған.