«Қала бойынша 22 тазарту құрылғысы бар. Оның 13-і жұмыс жағдайында, қалған 9-ы резервте немесе қайта жөндеуден өтіп жатыр. Бүгінгі күні бұл жұмысқа қатысты проблема жоқ. Дегенмен Тұран даңғылы бойындағы тазарту құрылғысын су шаю қаупі болған. Аталған мәселені шешу үшін әкімдік қосымша су сорғысын орнатты. Сондықтан осы көктемде аталған даңғылды су шаю қаупі жоқ деген сенімдеміз», - деді қалалық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Бауыржан Бейсенқанов елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін ТЖД өкілі елордада су басуы мүмкін учаскелерді атап берді.
«Су тасқыны жағдайы мәселесі ерекше бақылауда. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін 1 сәуірде қалалық жедел штаб құрылды. Сонымен қатар аудандық әкімдіктерде су тасқынына қарсы комиссиялар жұмыс істейді, қар, арық және нөсер желілерін тазалау бойынша кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүріп жатыр. 4 сәуірдегі жағдай бойынша қалада жалпы ұзындығы 53,7 шақырым болатын арық тазаланды. Қазіргі уақытта елорда аумағында су тасуы мүмкін деген 25 учаске белгіленді», - деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ, әкімдік өткізген брифингте қала аумағынан 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылғаны айтылды.