Елорданың қай аудандарындағы үйлер таяу арада сүріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Астана қаласының тұрғын үй қорын реновациялаудың және модернизациялаудың 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» бекітілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА порталында жарияланған жобада жазылғандай, жақын арада сүрілетін үйлердің тізімі қайта қаралып, 2025 жылға дейін 750 гектар аумақта орналасқан баспаналар бұзылады.

«Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын әзірлеу барысында елорда аумағын реновациялау кезеңдері бойынша жобалық ұсыныстар әзірленді, оған сәйкес: 1 кезең - 730 гектар (2025 жылға дейін), 2 кезең – 1 362 гектар (2035 жылға дейін), 3 кезеңде 490 гектар (2050 жылға дейін) аумақта бұзу жүргізу көзделген. Бұл ретте қаланың теңгерімді дамуы үшін реновациялаудың 1 кезеңінде 2025 жылға дейін 730 гектар аумақтағы үйлерді сүру маңызды. Оған мына реновациялау аудандары кіреді: Алаш тас жолынан Ж. Тәшенов көшесіне дейінгі аралық, Асан қайғы көшесі, С. Сейфуллин және Кенесары көшелерінің бойы; С. Тюленин тұйық көшесінен Ш. Қосшығұлұлы көшесіне дейінгі аралық, Бейсекова көшесінің бойы, Потанин көшесі, Бөгенбай батыр даңғылы, Күмісбеков көшесі бойындағы аумақ; Кіші айналмалы жолды аяқтау үшін С-613 көшесінен Алаш тас жолына дейінгі аралық, Ақжол көшесінің бойы, Ш. Бейсекова, Ш.Қосшығұлұлы, Кенесары көшелері, Қорғалжың тас жолының бойы және басқа аудандар», - делінген жобада.

Еске салайық, биыл Астана әкімдігі Кірпішті, Күлтегін, Асан қайғы көшелеріндегі ескі үйлерді сүріп тастауға 20 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайтынын жазып едік.