Бұл туралы astana.kz сайтына Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.
«Жарыста Астана, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз, Өскемен, Рудный және Алматы қалаларынан 8 хоккей командасы күш сынасты. Бірінші турда айдын иелері «Астана» командасы көш бастады», - делінген хабарламада.
Алты кездесудің бәрінде басым түскен Астана қаласының №10 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы турдың соңғы ойынында өскемендік «Торпедомен» бақ таластырды. Қарсыластар турнирлік кесте бойынша бір ғана ұпаймен есе жіберген еді. Сондықтан бұл кездесу тартысты өтті.
«Өскемендік хоккей мектебі жақсы, кеңестік заманнан қалған дәстүрлерге бай, - дейді «Астана-2004» балалар командасының аға бапкері Асқар Майжолов, - сондықтан ол біз үшін мықты қарсылас болды. Біз осы кездесуді күттік, әрі дайындалдық».
Елордалық команданың сапындағы 5 спортшы 2005 жылы, қалғаны 2004 жылы дүниеге келгендер.
Жарыс қорытындысы бойынша, «Астана» командасы (21 ұпай) бірінші, «Торпедо» (17 ұпай) екінші және тағы да бір астаналық «Барыс» командасы (14 ұпай) үшінші орын алды. Алдағы уақытта командалар келер аптада өтетін келесі турға дайындалады.