Елорданың мектеп жанындағы лагерлері жазғы демалысқа дайындалуда

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Жазғы демалыста оқушылардың уақыты босқа кетпеуі үшін Астананың мектеп жанындағы лагерлері дайындықты қазірден бастап кетті.

Бұл туралы Астана қаласы ТЖД-не сілетеме жасап astana. kz сайтынан хабарлады.

Ағымдағы жылдың 27-30 мамыр аралығында Мемлекеттік өрт қадағалау басқармасы мен Астана қаласы ТЖД-нің судан құтқару қызметі, Білім басқармасы өкілдері және өзге де қала мекемелері мектеп жанындағы жазғы лагерлердің күндізгі ауысымына қабылдауға қатысты.

Комиссиялық тексеріс нәтижесінде мектеп жанындағы лагерлер 2013 жылдың жазғы демалыс маусымына бала қабылдап, демалыстың қызықты әрі пайдалы өтуіне дайын екендігі анықталды. Сондай-ақ, баспасөз қызметі болмашы кедергілерге дереу шара қолданылғандығын баса айтқан.

Бүгінде барлық мектептерде өртке қарсы және судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде арнайы орындар бар. Ал, әдістемелік материалдар сәуір айында Білім басқармасы өткізген «Жазғы демалысты ұйымдастыру, сауықтыру және балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қамтамасыз ету» атты жалпықалалық семинарында ұсынылған болатын.

Тексеру нәтижесінен кейін шара қолданылатын ақпараттар Астана қаласы Білім басқармасы мен Астана қаласы әкімдігіне жіберілді.