Елорданың «Нұрлы жол» вокзалы маңында жаңа көпір салынады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының жаңа вокзалы маңында көпір салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа көпірдің құрылысы туралы елорданың қалалық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес отырысында белгілі болды.

«Бізге тұрғындардан көп сұрақтар келіп жатады. Соның бірі елордада көлік кептілісін азайтып, сол жағалау мен оң жағалау арасындағы көлік ағынын реттеу үшін екі көпір салынуы тиіс еді. Бірі Тәуелсіздік даңғылының бойында, екінші жаңа вокзал (Нұрлы жол вокзалы) жақта. Бүгінде сол көпірлерді салу жағы қалай болып жатыр?», - деп сұрақ қойды қоғамдық кеңес мүшесі Ержан Бағдатов.

Аталған сұраққа Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев жауап берді.

«Тәуелсіздік даңғылындағы көпір бойынша жобалық-сметалық құжаты бекітіліп, мердігер компания анықталды. Бүгінде бюджетті нақтылау бойынша өтініш жіберілді. Республикалық бюджеттен келесі жылға көпір құрылысына 10 млрд теңге сұрадық. Әзірге жауабын күтіп отырмыз. Жобаның жалпы құны 16 млрд-қа жуық теңгені құрайды. Екінші көпір «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы Ұлы дала даңғылы бойында бой көтермек. Біз ол көпірді салуға қатысты жуырда екінші рет байқау жарияладық. Себебі бірінші рет жариялағанымызда көпір салуға ешкім ниет танытпады. Қазір мердігер компанияны тауып, келесі жылы қала күні қарсаңында көпір құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деп жауап берді Жансұлтан Сапарбаев.