«Бүгін Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларының кәсіпкерлерінің қатысуымен мектеп жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Ол Конституция күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Күннің суығына қарамастан бәрі де белсенді қатысуда. Сонымен қатар, халыққа заң консультацияларын беретін қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейді. Ата-аналар мен жәрмеңкеге қатысушылар онда өздерін мазалайтын сұрақтарын қоя алады. Жәрмеңке кезінде 5 қоғамдық тамақтану орны ұйымдастырылды», - деді astana.kz сайтына Балалар құқығын қорғау басқармасының бас маманы Лариса Темірлина.
Оның айтуынша, жәрмеңкеде мектеп жабдықтары 10%-25%, балалар киімі 10%-50% жеңілдікпен сатылады.
«Күннің суығына қарамастан жәрмеңкеге келдім. Жап-жақсы өтіп жатыр. Мұнда мектепке керектің бәрін жеңілдіктермен алуға болады. Бұл баланы мектепке жинаудың керемет мүмкіндігі. Концерт те жақсы ұйымдастырылған. Бүгін күн суық болғанымен адамдардың көңіл күйі жақсы, іс-шараға қуана қатысып жүр», - деді astana.kz сайтына жәрмеңкеге келуші Әйгерім Нығметова.
Мектеп жәрмеңкесі жыл сайын оқу жылының қарсаңында өткізіледі. Биыл ол 24 және 30 тамызда ұйымдастырылды.