Астана қаласының білім басқармасы кәмелет жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ләззат Орынбасарованың айтуынша, бірінші кезекте жәрмеңке тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмектесуге бағытталған. Оның басты мақсаты - елордалық балаларды мектепке қажетті заттармен қамтамасыз ету.
Екі күнге созылатын жәрмеңке барысында астаналықтар балаларына мектеп формасын, спорттық костюмдер мен аяқ киімдер таңдап, кеңсе тауарлары мен кітаптарды 10-¬50 пайыз жеңілдікпен сатып алуда.
«Біз «Клерк» кеңсе бұйымдары дүкенінен келіп отырмыз. Астана нарығында жұмыс істегенімізге 11 жыл болды. Бүгінгі жәрмеңкеде елордалықтар барлық мектепке қажетті құрал-жабдықтарды 10 пайыз жеңілдікпен сатып ала алады. Мәселен, дәптер 12-15 теңгеден, қаламсаптар 30 теңгеден, фломастерлер 200 теңгеден, сөмкелер 3600 теңгеден саудалануда», - деді аталған компанияның менеджері Талғат Сыздықов.
Сонымен қатар, шара барысында халыққа кеңес беретін қоғамдық қабылдау бөлімі жұмыс істейді. Көпшілік назарына Оқушылар сарайларының, музыка және өнер мектептері ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады.