«Бұл өте үлкен әрі маңызды тақырып. Біз әрдайым Жеңіске қалай келгенімізді және осы соғыстағы ерліктерімізді 65 жыл бойы айтудамыз. Бүгінгі таңда да оның жаңа қырлары ашылып жатыр. Тек Жеңіс жайлы емес, фашизмның қайдан шыққанын, оның негізгі түп тамыры қайда жатқандығын айтқымыз келеді. Бұл әлемнің бірқатар елдерінде, Еуропа мемлекеттерінде үлкен дәрежеде қойылған қойылым, сондықтан біз оны Қазақстанның астанасында қоюға шешім қабылдадық. Қойылым бүгінгі егемен мемлекетіміздің жас азаматтарына жаңа бағыт, жаңа көзқарас беретініне сенімдіміз» - деді театр директоры, мәдениет қайраткері Еркін Қасенов.
Неміс драматургі Бертольд Брехтың «Үшінші Империядағы қорқыныш пен қайыршылық» атты пьесасы 24 новелладан тұрады. Бірақ осы туындылардың арасынан екшеп алынған 12 новелла ғана елордалық көрермендер назарына ұсынылмақ. Қойылымның бас режиссерлығына шақырылған Австрия азаматы Егише Геворкянның атап өтуінше, әлем театрларының барлығы да осы қойылымды толық сахналауға үмтылмаған. Тек өткен ғасырда ғана ол Нью-Йоркте толық сахналаныпты.
«Бұл фашизмнің қалай пайда болғандығы туралы новелла. Ондағы оқиғалар Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі 1933-1938 жылдар аралығында өтеді. Көркемдік тұрғыдан алып қарағанда, біз жанрдың барлық канондарын сақтауға тырыстық. Алайда тақырып өте ауыр, сондықтан кейбір сәттерге баса назар аудармауға тырыстық», дейді ол.
Австриялық режиссер мен қазақстандық суретші-сахнашы Қанат Мақсұтов бұл пьесаның тек жаңа қырынан сахналануын ғана емес, сонымен бірге фашизм, оның шығу тегі, кеңес адамдарының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі сияқты маңызды сәттерін де назардан тыс қалдырмай көрсетпек.
Қойылымның нақты қай күні сахналанатыны белгісіз екендігін атап өткен театр директорының сөзіне қарағанда, елордалық көрермендер оны мамырдың 9-ынан кейін тамашаламақ.
Сондай-ақ Е.Қасенов бұл пьесаның мамыр айының 26-30-ында Алматыда өтетін Орта Азия елдерінің халықаралық театр фестиваліне ұсынылатындығын атап өтті.