Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге үндеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара аясында «Астаналық» (бұрынғы Артем) әмбебап базарында жүрек қан тамырлары ауруларын емдеу бойынша ашық есік күні өтіп жатыр. «ҚР Президентінің ағымдағы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында және ҚР-ның халық денсаулығы туралы кодексіне сәйкес ұйымдастырып отырмыз. Бүгін елорданың бірқатар нысандарында әлеуметтік маңызды ауруларды ерте анықтау мақсатында «Ашық есік күн» акциясы өткізілуде», - дейді Салауатты өмір салтын құру орталығы директорының орынбасары Ләззат Есімова.
Сондай-ақ бүгін «Мега Астана» ойын-сауық орталығында №4 емхананың дәрігерлері глюкометрия аппаратының көмегімен қант диабеті мәселелері бойынша, ал №8 емханада дәрігерлер глаукома бойынша кеңес беруде. Онкологиялық диспансер мамандары жатыр мойны және сүт безі обырын ерте анықтау туралы ақпараттандыруда. №1 және 2 перзентханалар мен перинатальдық орталықта балалардың туа біткен және тұқымқуалаушылық есту кемістігін анықтау бойынша ашық есік күні өтуде.