Елорданың талантты студенттері марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жаңа белес» фестиваліне елорда колледждерінің мыңға тарта студенті қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фестиваль-байқаудың жеңімпаздары «Вокал», «Хореографиялық өнер», «Шығармашылық» (көркемсөз оқу), «Фотобайқау» және «Зияткерлік ойындар» сияқты бес аталым бойынша анықталды.  

Шығармашылық конкурстың финалистерін, жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Астана жастары» орталығының жетекшісі Үкібай Нұрпейісов марапаттады. «Ең ақылды» аталымында Жоғары медициналық колледжінің студенттері Әлішер Закиров пен Еламан Сағатов бірінші және екінші орынға ие болды. Менеджмент және бизнес колледженің студенті - Зинаида Кнаип үшінші орында.

«Фокуста» аталымында Гуманитарлы колледж студенттері - Аружан Әбілтаева мен Нұрлат Ізмахановтың жұмыстары үздік деп танылды. Үшінші жүлдені Политехникалық колледждің студенті Әділби Каппаров ұтып алды.   «Мұндай байқауға мен бұрын-соңды қатысып көрмеппін.

Суретке түсірумен кәсіби деңгейде айналыспайтындықтан, конкурста жеңіске жетемін деп ойлаған жоқпын. Бізге шығармашылық қабілеттерімізді көрсетуімізге мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымын. Бұл қатысушылардың бойында өзіне деген сенім қасиетін ұштай түседі. Бұл өте маңызды», - деді «Фотоконкурс» номинациясының жеңімпазы Аружан Абильтаева.

«Авторлық оқу» аталымында бірінші орын Гуманитарлы колледждің студенті Елемес Ерсінге, екінші орын Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Әбіл Сымбатқа және үшінші орын Жаңылжан Жолдамұратқа бұйырды.

Ал ЕАГИ колледжінің студенті Нағашыбеков Бекзат көрермендер көз айымына айналды.