Астана қаласы ІІД баспасөз хабарламасында айтылғандай, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне соңғы уақытта киім сататын орындарынан ұрлық көп байқалатынын байқаған «Хан Шатыр» сауда орталығындағы әйелдер мен ерлер киімін сататын дүңгіршектер директорлары шағым түсірген. Әрбірдүңгіршек ішіндегі бейне бақылау камерасы арқылы күн сайынғы жазбаларды тексерген полиция қызметкерлері киім бөліміне көбінесе екі кішкентай қыз кіретінін, содан кейін ұрлық анықталатынын байқаған. Бірнеше күн бойы олардың іс-қимылын бақылаған тәртіп сақшылары ұрлықты осы екі қыз бала жасайтынына көздері жеткен.
Сауда орталығында бақылау қызметін орнатқан полиция қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып ұрлық жасап жатқан жерлерінен елордадығы мектептердің бірінде оқитын екі жоғары сынып оқушыларын қолға түсіреді. Қыздардың жасы небәрі 15-те, өздері айтқандай, олар үнемі киім ұрлап отырған. Дүңгішекке кіріп ұнаған киімді таңдаған соң олар киім өлшеп көретін орынға кіріп, киімдегі магнитті қайшының көмегімен алып тастап, ұрлап алған заттарын сөмкелеріне салады да жайбарақат шығып кетеді.
Кәмелеттік жасқа толмаған қыздарға қатысты Астана қаласы ІІД Есіл аудандық ІІБ қызметкерлері ҚР Қылмытық кодексінің 175 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, айғақтар тәркіленген. Тергеу жүріп жатыр.