Елорданың театр әртістері төл мерекелерін тойлауда (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік театр күніне орай елорданың үздік әртістері «Жастар» театрында бас қосты. Аталған шараны өткізу дәстүрге айналған.

«Театр өнерінің жұлдыздары қызыл кілеммен жүріп өтіп, құттықтаулар қабылдады, әріптестерінің мерекелік қойылымдарын тамашалады», деп хабарлайды қаланың ресми сайты.

Мерекелік бағдарлама басында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев елордалық театрлардың шығармашылық ұжымдарын құттықтап, оларға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі.

«Театр - жаңа бояулармен, сиқырлы дыбыстармен және сахналық құбылыстармен баурап алатын ұлы өнер. Сіздерді, әріптестерімді осы бір керемет мерекемен құттықтаймын. Мұнда елорданың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналған театр қызметкерлері жиналды. Соңғы жылдары театрларымыз халықаралық фестивальдарда Гран-при иеленіп жүр, бұл қажырлы еңбектерііздің және таланттарыңыздың арқасы, баршаңызға табыс тілеймін», - деді Е. Аманшаев.

Елордалық үздік жеті театрдың әртістері елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің атынан алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар қабыл алды.

Шара барысында театрлардың жас шығармашылық ұжымдары көпшілік назарына мерекелік бағдарлама ұсынды: Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар» театры, Көңілді тапқырлар театры, Қуыршақтар театры, «Наз» мемлекеттік би театры.

«Біздің театрдың жас әртістері өте дарынды. Қыздар да, жігіттер де креативті, ынталы. Өз атымнан осы саланың барлық қызметкерлерін Халықаралық театр күнімен құттықтаймын! Барлығына денсаулық, бейбітшілік, шығармашылық табыс тілеймін», - деді Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Айнұр Жүгінісова.

Айта кетейік, Дүниежүзілік театр күні - жыл сайын барша әлемде 27 наурызда аталып өтеді.