АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Ертең елорданың Есіл ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында жаңғыртылған тұрғын үйдің ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлады «Бәйтерек» халықаралық ақпарат орталығы.
Оған Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергенов және қалалық әкімдіктің өкілдері қатысады. Іс-шара аясында концерттік бағдарламалар ұсынылып, соғыс, еңбек ардагерлеріне, көп балалы аналарға және белсенді тұрғындарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, балалар суретінің байқауы ұйымдастырылады.
Айта кетейік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында ұсынылған болатын. Ол тұрғын үй жағдайын жақсартуға және азаматтардың өз мүлкін сақтаудағы жауапкершілігін көтеруге мүмкіндік береді.