Елорданың ТЖД қызметкерлері жер үйлерге датчик орнатып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жеке үйлердің өртенуінің алдын алуға бағытталған ауқымды деңгейде рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу үшін алдын ала бір ай бұрын дайындалады. Қазіргі таңда медиажоспар әзірленіп, қала басшылығы ол жоспарды толық бекітті. Медиажоспар арқылы халыққа өрт қауіпсіздігі жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Өрт қауіпсіздігі тақырыбында видеороликтерді әзірлеп, қаланың LED-экрандарында, адамдар көп жиналатын орындар мен ойын-сауық орталықтарында жариялаймыз. Сонымен бірге, қалаішілік қоғамдық көліктерде де сол видеоларды көберек көрсетуге тырысып жатырмыз», - деді қалалық ТЖД аға инженері, аға лейтенант Бексұлтан Рахымбаев рейд барысында.

Департамент өкілінің айтуына қарағанда, жыл басынан бері жеке тұрғын үйлерде ыс пен өрттен ескертетін 1164 дабыл сенсоры тегін орнатылған.

«Жыл басынан бері мұндай датчиктердің адам өмірін құтқарып қалу жағдайлары кездесті. Мәселен, Ақмола көшесіндегі үйлердің бірінде тұтас бір отбасын датчиктің дыбысы ескертіп, қиын жағдайдан құтқарып қалған. Сонымен бірге, еріктілермен бірге үйлерді аралап, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен рейд жүргізіп жүрміз. Одан бөлек, қараша айынан бері үйдің коммуналдық төлемі бойынша келетін қағаздардың екінші бетіне өрт қауіпсіздігі бойынша маңызды ақпараттарды жариялап, халықты барынша сақ болуға шақырып жатырмыз. Коммуналдық төлем арқылы таралатын қағаздар 300 мың данамен шығады», - деді ол.

Департамент өкілі сондай-ақ, сенсор құрылғыларды елордадағы үш аудан әкімдігі көптеп сатып алып, халыққа тегін тарататынын жеткізді.

«Жуық арада тағы 110 датчик таратылады. Елордадағы жеке тұрғын үйлердің халқына нақты қанша датчиктің керектігі жөнінде қолда нақты мәлімет жоқ. Себебі, кейбір азаматтар датчикті өзі сатып алады. Кейбіріне алып беруіміз керек», - деді ол.