Елорданың үш ауданының әкімдері ардагерлерге пәтерлер кілттерін тапсырды

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Елорданың Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарының әкімдері Қайрат Жаңабергенов, Серік Ахметов, Сара Мұстафиналар бүгін, Жеңіс күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Ұлы Отан соғысының үш ардагерінің үйінде болып, оларға жаңа пәтердің кілтін табыс етті.

Атап айтқанда, Есіл ауданының әкімі Қ.Жаңабергенов ардагер Зоя Лащенованың үйінде болды. Майдангер қарт соғысқа 1943 жылы байланысшы ретінде араласып, Украина, Беларус, Балтық, Польша жерлерінде өткен ұрыстарға қатысты. «Тарихты жасаушылар сонымен қатар оның жеткізушісі де болуы керек. Сондықтан сол бір замандағы ерліктерді, жеңістің қандай қиыншылықтармен жеткендігін одан әрі әңгімелеу үшін ұзақ өмір сүріңіздер», - деді аудан әкімі.

Ал Серік Ахметов майдангер Александр Павлухиннің шаңырағында болып, оған ұзақ өмір, зор денсаулық тіледі. Аудан басшысы ардегерге пәтер кілтін тапсыра отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге қарсы алайық деген тілегін білдірді. «Бұл өте ауыр жеңіс болды. Мен Балтық елдерінде, Украинада өткен ұрыстарға қатыстым. Соғыстың соңғы мезеттерінде кескілескен ұрыстар өтті. Біз балаларымыздың, немерелеріміздің 66 жыл өтсе де біздерді ұмытпағандықтарына алғысымыз шексіз», - деді А.Иванович.

Соғыс ардагері Сабыр Байжұмановтың үйіне атбасын бұрған Сәбила Мұстафина да қарт майдангерге ұзақ өмір тілеп, жаңа пәтер кілтін табыс етті.

Аталған үш майдангер де елорданың сол жағалауында орналасқан «Жағалау 3» тұрғын үй кешенінен пәтерге ие болды.

Астанадағы барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері 2008 жылы-ақ толығымен пәтермен қамтамасыз етілген болатын. Дегенмен жыл сайын елордада еліміздің басқа өңірлерінен келген ардагерлер тіркелуде. Қалалық әкімдік елордада тіркелген барлық майдангерлерді 9 мамырға дейін баспанамен қамтамасыз етуді алға қойды. Қазіргі таңда қалада шамамен 400-ге жуық майдангер тұрады.