Елорданың жас экологтары экологиялық түйткілдерді брейн-ринг ойынында талқылайды

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордадағы жас экологтар Қазақстанның экологиялық түйткілдерін шешудің жолдарын брейн-ринг интеллектуалдық ойынында талқыға салады.

Шараны эколог, ҚР президенттігіне үімткер Мелс Елеусізовтың идеясын қолдау мақсатында елордалық жастар ұйымдарының белсенділері ұйымдастырған.

«Біз қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын жастар ұйымдары ретінде Қазақстанның жаңа бағыты, жаңа жолы экологияға деген қамқорлықпен жалғасуы тиіс деген идеяны ұстанған Мелс Елеусізовты қолдаймыз. Тұтынушылық идеологиядан біртіндеп арыла беруіміз керек, қоршаған әлемге көңіл бөлу қажет. Себебі өркениет биологиялық қорларға сүйеніп құрылады»,-дейді шараның ұйымдастырушылары өздерінің үндеуінде.

Қазіргі заманда әлем елдерінде экосаясат үдерісі белең алып келеді. Еуропа, Америка елдерінің парламенттерінде «жасылдар» партияларының өкілдері көбейіп, экологиялық мәселелерді шешуге белсенді араласуда.

Брейн-ринг барысында қатысушылар экология жайында түрлі сұрақтарға жауап іздеп, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешудің жолдарын талқылайды.