Елорданың Жеңіс даңғылы күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды

АСТАНА. 15 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының теміржол вокзалы мен елорданың тарихи орталығын жалғастыратын Жеңіс даңғылы күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды,

деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Күрделі жөндеу жұмыстары қысқа мерзім ішінде атқарылды. Әуелгі жоба бойынша оны жөндеу 19 айға межеленген болса, жұмыс өндірісін өзгертіп, 4 кезеңге бөлудің арқасында қайта жөндеу жұмыстарын 6 айдың ішінде - 9 сәуірден 15 қазанға дейін жүзеге асырылды. Осылайша демалыс маусымының аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына байланысты көлік ағымының ұлғаюы себепті барлық магистрал бойынша қозғалыс 1 қыркүйекке ашық болды.

Ұзындығы 3,386 метрді құрайтын Жеңіс даңғылын қайта жөндеу жұмыстары барысында жалпы 4 407 метр тұрмыстық, 8 384 метр ағын, 4 178 метр телефон кәрізі жөнделді. Сондай-ақ, 1 869 метр жылу желілері диаметрі 820 мм-лік, ескі су құбырлары желілері 4 527 метр болатын жаңа құбырлармен ауыстырылды. Жаңа инженерлік желілер қаланың осы бөлігінің алдағы дамуын есепке ала отырып, жобаланып салынған.

Қазіргі таңда даңғылдың абаттандыру жұмыстары аяқталып келеді. Жаяу жүргіншілер жолдарына тас төселіп, бағдаршамдар орнатылды. Жаяулар жүретін өтпе жолдар және 157 заманауи жарықтандыру құралдары орналастырылды. Бұдан өзге, даңғылға тиесілі 40-қа тарта аула аумағын абаттандыру аяқталып келеді. Онда кірер жолға жаңа асфальт төсеп, жиек тастарды ауыстыру қарастырылған. Жеңіс даңғылын қайта жөндеу жобасының құны 6,107 млрд. теңгені құрайды.