Елорданың зиялы қауым өкілдері Елбасына хат жолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпраат - Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдері Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевқа сауығуын тілеп ашық хат жолдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Аса мәртебелі Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы!

Жаһанды жаулаған COVID-19 дертінің Сізден де табылғанын естіп, бұл жайсыз хабарды алаңдаушылықпен қабылдадық.

Өмірдің талай қиындығы мен кедергісін еңсеріп, халқымызға тәуелсіз мемлекет, баянды бақыт сыйлау жолында табанды еңбек етіп келесіз. «Халқымның табанына батқан тікен, менің маңдайыма тисін» деген ізгі ниетіңіз бен қажырлы еңбегіңізді ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан елін, жерін сүйген, ұлтының қамын ойлаған арда азаматтың денсаулығына алаңдаған, оның аман-саулығын тілеген халықта есеп жоқ.

Сіз саналы ғұмырыңызда салауатты өмір салтын ұстануды, денсаулықты күтудің өнегелі үлгісін көрсетіп келесіз. Рухыңыздың мықтылығымен, қайраткерлігіңіз бен жігеріңіздің арқасында бұл дертті де еңсеріп шығатыныңызға кәміл сенеміз.

Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасыңызды ел болып атап өтіп, тоқсанның торқалы тойын көре бергейсіз. Өзіңізге тек зор денсаулық, амандық тілейміз» деп жазды интеллигенция өкілдері.

Лебіз хаты Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкілдерінің атынан жолданған. Атап айтқанда, Мемлекет және қоғам қайраткері - Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы - Сұлтан Оразалин, Академик Ғарифолла Есім, ақын Қонысбай Әбіл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Несіпбек Айтұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Тұрғынбеков, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аяған Бүркітбай, Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жүзбай Жанғали, Қазақстанның халық әртісі, театр және кино режиссері Талғат Теменов, Филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Аманжол Әлтай, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Қыдырәлі Болманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Тамара Асар.