Будапештте қазақ диаспорасына екі елдің серіктестігі туралы дәріс өткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 30-дан астам қазақстандық студент Лакителек Халық университетінде («Lakitelek Népfőiskola») ұйымдастырылған арнайы кездесуге қатысты, деп хабарлайды «Отандастар қорының» баспасөз қызметі.
Шараға «ELTE», «Corvinus», «Debrecen», «BUEB» және «Pecs» университеттерінің студенттері барды. Іс-шара Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежактың патронаждығымен өтті.
Кездесуге Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, сондай-ақ Лакителек Халық университетінің профессоры әрі Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежак қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан мәдениеті мен ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытатын мажарлық азаматтар да шақырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастармен байланысты нығайту, олардың отансүйгіштік рухын көтеру, мәдени және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Кездесу барысында елші Абзал Сапарбекұлының қазақ-мажар стратегиялық серіктестігі туралы дәрісі тыңдалды, студенттер Қазақстан туралы әзірлеген баяндамаларын ұсынды.
Сонымен қатар Жанаргүл Феньвеши жетекшілік еткен «Мажар-қазақ этноспорт және мәдениет қауымдастығының» асық ату және тоғызқұмалақ ойындары бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
«Lakitelek Népfőiskola» (Лакителек Халық университеті) — Мажарстандағы ең ірі мәдени-ағартушылық орталықтардың бірі. Оқу орны 1991 жылы Мажарстан Парламентінің вице-спикері, қоғам қайраткері және жазушы Шандор Лежактың бастамасымен құрылды. Университет Лакителек қаласында орналасқан және тәуелсіз білім беру әрі мәдени мекеме ретінде жұмыс істейді.
«Lakitelek Népfőiskola»-ның негізгі миссиясы — гуманитарлық және мәдени білімді дамыту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, сондай-ақ қоғамдық дипломатия мен халықаралық жастар байланыстарын нығайту. Университет жастар мен ересектерге арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады, конференциялар, гуманитарлық форумдар, мәдени шаралар, тарих, әдебиет, мәдени мұра және ұлттық болмыс тақырыптарында оқыту бағдарламаларын өткізеді. Сондай-ақ түркі әлемі елдерімен ынтымақтастықты қамтитын халықаралық алмасуларға белсенді қатысады. «Lakitelek Népfőiskola» «Hungarikum Liget» ұйымының құрылымына кіреді. Бұл ұйымды да Шандор Лежак басқарады. Қор кампусты дамыту, мәдени және ғылыми орталықтар құру, қоғамдық және ғылыми бастамаларды қолдау бағытында жұмыс істейді.
«ELTE» университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті Тәуекел Шадияр қазақстандық жастардың бастамасы туралы пікір білдірді.
— Мажарстанда оқитын қазақстандық студенттерді біріктіру үшін «Quryltai Hu» қауымдастығын құрдық. Ай сайын мәдени-білім шараларын өткіземіз. Сондай-ақ Еуропаның 11 еліндегі қазақстандық студенттік ұйымдарды біріктіретін «Qazaq Society» қауымдастығының мүшесіміз. Мақсатымыз — бірлікті нығайту және байланыстарды кеңейту, — деді ол.
«Corvinus» университетінің «Бизнес әкімшілігі және менеджмент» мамандығының 4-курс студенті Елнара Исрайл өз әсерімен бөлісті.
— Біз студенттер жиі бас қосамыз. Елшілік ұйымдастыратын және өзіміз өткізетін іс-шараларға белсенді қатысамыз. Мерекелерде жиналып бешбармақ дайындаймыз, тек қазақша сөйлесеміз. Осындай басқосулар Отанды ұмыттырмайды. Қазақстан — әрқашан жүрегімде, — деді ол.
Кездесу аясында «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыров Мажарстандағы «Барыс» мажар-қазақ қоғамы мен «Мажар-Қазақ» мәдени ұйымдарының жетекшілерімен және белсенділерімен жүздесті. Жиын соңында қазақ ұйымдарына «Қоржын» жобасы аясында домбыралар мен ұлттық киімдер табысталды.
Бұдан бұрын Мажарстан президенті Тамаш Шуйок Kazinform тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің келешегі туралы пайымын айтты.