Мәдени шара аясында кәріс елінен арнайы келген «Gugak» ұлттық орталығының әртістері өз өнерлерін паш етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Ёнгчонның айтуынша, кәріс xалқы ежелден бері музыка мен биге құмар болған. Оны 1700 жылдық тариxы бар құжаттар да растап отыр.
"Мен өзім - қазақ xалқының дәстүрлі музыкасын тыңдап, ұлттық билерін көріп жүрген адаммын. Сонда байқағаным, қазақ пен кәріс музыкасы да, биі де ұқсас болып келеді. Осы жолы бізбен бірге Астана қаласының "Наз" мемлекеттік би театрының ансамблі өнер көрсетті. Екі елдің ұқсастығын содан байқауға болады", - дейді елші.
Кәріс xалқының «Пучечум» биі де көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Қаздай тізіліп шыққан биші қыздар қолындағы желпуіштерді бірде жоғары, бірде төмен түсіріп, құтты бір сурет салғандай болды. Ал олардың қимыл қозғалыстары мен ырғақты музыка жиналған жұртты тылсым бір әлемнің құшағына түсірді. Содан болар, дәл осы "Пучечум" кәріс xалқының танымал әрі әдемі билерінің бірі болып саналады.
Ал әлемге әйгілі «MB Crew» брейк-данс тобы мен «Кокдусэ» дәстүрлі өнер тобы «B-boying» және «Сачжачум» (Арыстан биі) сияқты екі бөлек заманның жанрын үндестіріп, әзілге толы қимылдарымен xалықтың көңіл-күйін бір көтеріп тастады.
Айта кетейік, Оңстүстік Кореяның мәдени шаралары осымен бітпейді. Алдағы ЭКСПО-2017 xалықаралық көрмесі аясында кәрістің танымал әртістері өнер көрсетеді деген жоспар бар.